Қазақстанда Президент жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының мәртебесін асыру көзделуде. Ел Үкіметі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатқа отандық мамандарды қолдау тетіктерін дамытуға бағытталған барлығы 7 бағыт пен 70 қадам енгізілген. Оның аясында көлік саласында және ауылдық жерлердегі кадрлар тапшылығына және мамандарды қайта даярлауға бизнесті тартуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр. Айта кетейік, Үкімет отырысында елімізде жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша айтылған іс-шаралар легі аз болмады. Мәселен оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, биыл Казақстанда «Түркскилз» кәсіби шеберлігінің алғашқы чемпионаты өтеді. Ол ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мүшелерінің қатысуымен, яғни түркітілдес елдер арасында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Астанада Ұлттық құзыреттілік орталығын құру және еліміздегі 10 колледжді интернационалдандыру үрдісі қолға алынбақ.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Оның негізгі мақсаты Қазақстан колледждерінің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету. Менеджменттің үздік халықаралық тәжірибесін енгізу үшін шетелдік менеджерлерді тарту арқылы колледждерді басқарудың озық әлемдік модельдерін енгізу іске асырылады. Сонымен қатар, бұл жұмыстардың аясында педагогтарымыз шетелдік колледждерімен тәжірибе алмасып кәсіби деңгейін арттырады, ал студенттеріміз академиялық ұтқырлық тәртібімен аталған оқу орындарында білімін жетілдіреді.
Салалық министрліктің дерегінше, еңбек етуге қабілетті қазақстандықтардың жартысынан көбінің кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Қазір көлік, сауда, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында мамандарға сұраныс жоғары. Бұл бағытта энергетика министрлігі де бірқатар тың бастаманы қолға алған. Мәселен отын-энергетика кешені секторында 99 жобаны іске асыру аясында Қазақстанда 2030 жылға дейін 83 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұдан басқа, сарапшылардың есебінше салалық кәсіпорындарда 2029 жылға дейінгі кезеңде кадрларға жалпы қажеттілік қосымша 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрайды. Үкімет басшысы бұл бағытта тиісті ведомстваларға бірқатар тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірге жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдікті бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын. Жалпы мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

