Қазақстандағы «Бәйтерек» ғарыштық кешенінен зымыранның алғашқы ұшуы 2023 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бұл жөнінде Роскосмостың бас директоры Дмитрий Рогозин мәлімдеді. Жоба бойынша қажетті барлық құжаттама мақұлданған. Қазақстан «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенін жаңғырту арқылы жерүсті инфрақұрылымын құруға жауапты. Ал Ресей сол жерден ұшыруды жоспарлап отырған тасымалдаушы зымырандарды әзірлейді. Ол үшін 855 млн доллар жұмсауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Ресей былтыр қазан айында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру туралы келісімшартқа қол қойған болатын. Ол «Союз-5» зымыранын ұшыруды және оның экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары модификацияларын қамтамасыз етуі тиіс.
Дмитрий Рогозин, «Роскосмос» МК Бас директоры:
- Жұмыстар ұшырылымға үш ай қалғанда, яғни 2023 жылдың тамызына дейін аяқталуы тиіс. Уақыт өте тығыз. Бар жұмысты тұйықтау үшін тек 1,5 жыл уақытымыз қалды. Өйткені жер бетіндегі барлық технологиялық сынақты өткізіп, 2023 жылдың желтоқсанында алғашқы зымыранды ұшыруымыз керек. Ол жүк алмайды, тек барлық жүйені тексеру үшін көлемді макет тиеледі. Ал осыдан кейін ғарыш аппараттарын ұшыра бастаймыз деп ойлаймын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов