Әлемнің 12 елінен келген 288 қазақ баласы Бурабайда бас қосты. Шетелде
тұратын қандастармыздың ұл-қызы лагерьде 15 күн демалады. Мақсат – сыртта өсіп
жатқан жас ұрпақты атамекенімен етене жақын таныстыру, тарихи отанына
сүйіспеншілігін ояту. Жобаның ауқымы
жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2003 жылы жазғы лагерьге 7 оқушы ғана келіпті.
Соңғы кездері баласын Бурабайға жібергісі келетін қандастар саны артқандықтан ұйымдастырушылар
іріктеу жүргізуге мәжбүр. Нәтижесінде, ғылым, мәдениет пен спортта жетістікке
жеткен балаларға басымдық берілді. Болашақта жеткіншектердің санын көбейтумен
қатар жобаға қатысатын елдер географиясын кеңейту жоспарда.
Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы
төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұның бір кереметтігі – бүгін бала, ертең халық. Сол
себепті, келешек – балаларда, жастарда. Елге келген соң, бұл балалар
бір-бірімен танысады, табысады, мәңгілікке дос болады. Қазіргі заманда
әрқайсының қолында телефондары бар. Күнде араласады. Сол себепті, бұл – үлкен
дүние. Терең қарайтын болсаңдар, ынтымақ пен бірлік осы жерден басталады.
Тәтті Арман 3 жасында отбасымен Түркияға қоныс аударған. Десе де,
туып-өскен жер әрдайым ыстық, - дейді бойжеткен. Ол алдағы болашағын отанымен
байланыстырып отыр.
Тәтті Арман:
- Мен Түркиядан келдім, бірақ қазақпын. Бұл жер, расымен
өте керемет. Лагеріміз дәл көлдің жағасында орналасқан. Адамдары да өте
керемет, қонақжай. Менің қазақшам жақсы болмаса да, маған барлығы түсіндіріп, көмектеседі.
Мен Түркияда тұрсам да, түрік емеспін, қазақпын. Сондықтан, тарихи отаныма жиі
келіп тұруға тырысамын. Қазақстанда туылғандықтан, түбі осында қайтып келуге
ниетім бар.
Саф ауа, әсем табиғат пен жаңа достық – балаларға жасалған жағдай мен
ұсыныс мұнымен бітпейді. Егер олар алдағы уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарының
бірін таңдаса, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы өз тарапынан қажетті қолдау
көрсетуге дайын.