Елордада қолөнершілер байқауы басталды. Жоба қазақстандық қолданбалы өнер шеберлерін, қолөнер мен шығармашылық индустрия өкілдерін таныстыру, отандық өнімдерді экспорттық нарықтарда ілгерілетуді көздейді. Қатысушыларға қазылар алқасы мүшелерінің, қолөнер, дизайн, сән, туризм және креативті индустрия кәсіпқойларының, сарапшылар мен инсайдерлерінің келелі кеңестерін алу мүмкіндігі беріледі. Ұйымдастырушылар қатарында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бар. Компания төрағасы Талғат Аманбаевтың айтуынша, бұл байқау креативті жастарды қолдаудың тиімді жолы.
Талғат Аманбаев, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы:
– Негізгі жұмыс енді басталып жатыр. Қазір қоғамда «қазақстандық толқын» деген жақсы бір сөз пайда болды. Бұл сөздің түпкі мағынасы қазақ мәдениетін сыртқа таныту, дамыту. Ол біздің спортшыларымыз, креативті дизайнерлеріміз, диджейлеріміз, тіпті қазірдің өзінде танылып үлгерген киберспортшыларымыз арқылы мүмкін. Біз осы бағытта, яғни креативті адамдарды қолдау жөніндегі жүйелі шараларды енгізу бойынша заңнамаға өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Және осы байқау арқылы жастарымызға, талантты өнерпаздарымызға серпін береміз деп ойлаймын. Байқаудың арнайы ақшалай сыйлығы да бар, мұнымен өнерпаз өздерін көрсетуге мотивация алады деп үміттенемін.
Айта кетейік, сайыс жеңімпаздары қаржылай сыйақымен қатар жоба серіктестерінің алаңдарында өз өнімдерін тегін қоюға мүмкіндік алады. Байқау қыркүйек айында қорытындыланады.