«Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясы» құрылды. Қоғамдастық ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Otandastar Qory» бастамасымен ұйымдастырылды. Қордың ақпаратына сәйкес, бүгінде шетелде 88 қазақ тілді ақпарат құралы жұмыс істейді. «Олардың басын бір арнаға тоғыстыру қазақ тілді ақпарат кеңістігін ұлғайтуға алып келеді», – дейді бастамашылар.
Елордадағы жиын қорытындысы бойынша, ассоциацияның төрағасы болып ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сайланды.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Тілдік орта таза деген жерлердің өзі, Ресей, Қытай, Моңғолия немесе Өзбекстан мен Түркиядағы қандастарымыздың мекендеп отырған жерінің тілдік ықпалы болады. Бұл бірлестіктің басты мақсаты – ақпараттық кеңістік құру және қазақ тілінің табиғатын, тазалығын сақтау. Тілдің тазалығы үшін жұмыс. Екіншіден, Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі ұлтаралық тілге айналатын уақыт келді. Қазақ тілі аясын кеңейтіп, салтанат құра берсе, нұр үстіне нұр болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ассоциация құрамына енген барлық ақпарат құралының ортақ сайты ашылады. Онда олар бір-бірімен тәжірибе алмасуға, материалдарын оқуға, ортақ тілдесуге мүмкіндік алады.
Авторы: Ақзер Сегізбай