Қолда бар ресурстар мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың әлеуетін ескере отырып, біздің еліміздің аталған нарықта ойып тұрып орын алуына барлық мүмкіндіктер берілген. Бұл туралы Астана халықаралық форумы алаңында Израиль-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Михаэль Роэ мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль бұл бағытта отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қол ұшын беруге дайын. Бұл елде небәрі 150 мың гектарға жуық суармалы жер болғанымен, 10 млн адам отандық азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Ал экспортқа жылына екі миллионға жуық азық саудаланады. Михаэль Роэнің пікірінше, Израиль өз тәжірибесін жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған білім беру бағдарламалары арқылы бере алады. Сондай-ақ Қазақстанда Израильдің білім беру жүйесіне негізделген білім және ғылым хабтарын ашу да маңызды рөл атқарады.
Михаэль Роэ, Израиль-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
- Форумның маңызы зор. Оның маңыздылығын жиналған қонақтарға қарап-ақ білуге болады. Қазақстанды тек мұнай, газ, уранның отаны деп қарамау керек. Республикада өскелең ұрпақтың жаңа буыны өсіп келе жатыр, Қазақстанның әлеуеті орасан зор. Сіздерге тек діттеген мақсат-мүдделеріңізді жүзеге асыру үшін израильдік тәжірибені қолдану қажет. Қазақстанда азық-түлік саласында, ауыл шаруашылығы мен су саласында әлемдік көшбасшыға айналуы үшін барлық технологиялар мен құрылымдар бар.
Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумының екінші жұмыс күні жалғасуда. Оған 300-ден астам шетелдік делегат қатысып жатыр. Форум алаңындағы іс-шараға қатысушылар бірлескен диалог арқылы жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің шешімді жолдарын қарастыруға ниетті. Көтерілген мәселелер қатарында экология, креативті экономика, Геосаясат және елдердің интеграциялық өзара іс-қимыл мәселелері бар.