Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері

Астанада Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері өтіп жатыр. Шара аясында қос елдің Ұлттық кітапханалары өзара меморандумға қол қойды. Құжат бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын бекемдей түспек. Осыған мұрындық болатын шараның бірі Ұлттық кітапханада ашылған - Әзербайжан әдебиетінің бұрышы. Онда тамырлас халықтың рухани құндылықтары мен тарихынан сыр шерттетін 250-ден астам кітап қойылды. Айта кетейік, бұл Ұлттық кітапханадан орын тепкен әлем елдері әдебиетінің 27-ші бұрышы.

Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:

- Түркі елдерінің сирек қор кітаптары мен қолжазбаларының цифрлық кітапханасын жасау туралы тапсырма берілген болатын. Жол картасы жасалып, жұмыс тобы құрылды. Бұл соның аясында да бізге өте жақсы серіктестік болайын деп тұр. Өйткені, Әзербайжанның Ұлттық кітапханасының тарихы терең, қоры бай.

Сондай-ақ, мәдени шара аясында Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундованың «Зарифа және Гейдар Әлиевтер. Мәңгілік махаббат» атты қазақ тілінде басылған кітабының тұсауы кесілді. Туынды Әзербайжанның бұрынғы Президенті мен оның жарының 100 жылдығына арналған. Автор бұл еңбегінде кейіпкерлерінің тағлымды өмірі мен еңбектегі жетістіктерін терең бейнелеген.

Эльмира Ахундова, Әзербайжанның халық жазушысы:

- Гейдар Әлиевтің жеке мұрағатына қолым жетті. Оның ішінде көпшілікке беймәлім болған мәліметтерді тауып, кітабыма арқау еттім. Бірегей мұрағаттық құжаттар қамтылып, ел игілігі үшін қызмет еткен ұлы тұлға жайында жазған туындым қазақ оқырмандарының көңілінен шығарына сенімдімін.

Бұл күндері елордалықтар мен қала қонақтары Әзербайжан мәдениетіне қанықты. Томирис иконографиясының шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің ерекше туындылары арнайы көрмеде қанат жайды. Шара қонақтары Әзербайжан халық әншілері мен бишілері және музыканттарының өнерінен де рухани азықтанды.

Олег Амирбеков, Әзербайжанның мәдениет министрінің кеңесшісі:

– Мәдениет тілі әмбебап, өнер үшін шектеу жоқ. Әсіресе түркі тілдес елдердің мәдениеті біте қайнасып жатыр. Мен қазақстандық көрерменнің біздің өнерге қызығушылығы мен жылуын сезіндім. Жоғары деңгейдегі тығыз байланысымыз беки түсу үшін мәдениет саласының маңызы айрықша.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Әзербайжанның Баку қаласында Қазақстанның мәдениет күндері өтті.