Әзербайжанда Кемел Тоқаевтың «Ерекше тапсырма» кітабы таныстырылды

Көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың «Ерекше тапсырма» кітабы Әзербайжанда ұсынылды. Баку халықаралық кітап көрмесі қазақ қаламгері туындысының  тұсаукесерімен ашылды. Әзербайжан тіліне аударылған әңгімеде жауынгер-қорғаушылардың соғыстағы батырлық күресі туралы баяндалады. Кітаптың шығарылымын Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды. Айта кетейік, Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың негізін қалаушылардың бірі. Жазушы түркі мәдениеті мен сөз өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы әзербайжан тілінде Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» атты әңгімелер жинағы таныстырылды.

Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұра қорының президенті: 

– Көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың «Ерекше тапсырма» кітабы Қордың кезекті басылымы. Кемел Тоқаев жазушылықпен қатар, Қазақстанның мәдени және әлеуметтік проблемаларын көтеріп, журналистикамен айналысқан. Бұл басылымды көрнекті жазушының бай шығармашылығын зерттеуге қосқан Қордың зор  үлесі дей аламыз  және оның әдеби мұрасын дәріптеуге қызмет етеді. Кітап болашақ ұрпақ үшін маңызды дереккөзге айналатынына сенімдімін.