6 триллион 800 миллиард теңге. 2022 жылдың 9 айында АӨК жалпы өнім көлемі осынша соманы құрады. Өсім шамамен 7% құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі хабарлады. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл көрсеткіштер мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Айта кету керек, қазір елімізде астық жинау науқаны аяқталып қалды. Еліміздің бес аймағы толығымен дәнді дақылды бастыру жұмыстарын аяқтады.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 10 қазандағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес 15,9 млн га (барлық дәнді дақылдар алқабының 99,5%-ы) астық жиналды, гектарына 13,5 центнер орташа өнімділікпен бастапқы салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды. Мал шаруашылығында ет өндіру көлемі тірідей салмақта 0,7%-ға (1 464,5 мың тонна), сиыр сүтін өндіру көлемі 1,8%-ға (5 087,7 мың тонна), тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 5,3%-ға (3 824,4 млн. дана) өсті. Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 4 облыста байқалды Қостанай, Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында азық түлік өнімін шығару 2,1 трлн теңгеге жетті.
Айта кету керек, сала инвесторлар үшін тартымды саналады. Мәселен, аталған кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 598,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 7 процентке жоғары.