Төзімділік, күш және икемділік. Міне, осы қасиеттер Түркістан өңіріндегі аударыспақ секциясында оқытылады. Бүгінгі таңда қазақтың ұлттық спорт ойынының бұл түрімен айналысамын дейтіндердің қатары арта түсті. Алмас Маратов көптен бері аударыспақтың қыр-сырын, ат үстінде күресудің айла-тәсілдерін үйреніп алған. Себебі, жарыста жеңіске жету үшін шабандоз ғана болу міндет емес. Басты мақсат – қарсыласты аттан аударып түсу болғандықтан алып күш те болу керек.
Алмас Маратов, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Аударыспақта білегің мықты боу керек. Тізені тірей білу керек. Ат үстінде отыра білу керек. Ең бастысы жүрек болу керек. Атқа сенсең ол да саған сенеді демекші атқа жақсы қарай білу керек.
Балаларға ат құлағында ойнауды Түймебек Жұмалиев үйретеді. Ол –аударыспақтан еліміздің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы.
Түймебек Жұмалиев, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің жаттықтырушысы:
– Жасөспірімдердің ұлттық спорт – аударыспаққа өте қызығушылығы жоғары. Құмар бәрі, оған өзіміз қуанамыз. Оқушылар көп келеді. Әр тренердің өз оқушылары бар. Оларды дайындаймыз. Аударыспаққа білектің, белдің күші мықты болу керек. Әдіс-айла, ойдағыдай жаттығу болу керек. Далада атпен жаттығу жасатамыз. Тер төксең мықты боласың.
Айта кету керек, өңірде басқа да дәстүрлі спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді, онда балалар көкпар, қазақша күрес, асық ату және тоғызқұмалақ ойнауды үйренеді.