Қазақстанда жылдам бой көтеретін спорттық нысандар салынуы мүмкін

Қазақстанда жылдам бой көтеретін спорттық нысандар салынуы мүмкін

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бүгінгі Үкімет отырысында спортзал тапшы ауылдық жерлерге жылдам бой көтеретін спорттық нысандар салуды ұсынды. Оның айтуынша, Республикада спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатында 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылды.

Салынған кешендер спорт нысандарының жетімділігі бойынша ахуалды жақсартты. Алайда, олар құны қымбат жобалар қатарына жатады. Министр олардың кейбірі тіпті келешегі аз елді мекендерде салынғанын баса айтты. Салдарынан кейбірі толық жұмыс істеп тұрған  жоқ.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 42 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

Дәурен Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Ғимараттардың құрамында мақсатына сай қолданылмайтын алаңдар бар. Біз осы тәсілді өзгертуді ұсынамыз. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жылдам бой көтеретін, шығыны аз нысандар салу. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ауылдық елді мекендерді пәтер инфрақұрылымымен қамтамасыз ету үшін осындай тәжірибені пайдалана бастады. Бұл әлдеқайда арзан, функцияналы бай, жылдам тәсіл. Басқа әкімдіктерден осы тәсілді қарастырып көруді сұраймыз.

Сондай-ақ министр Үкіметке 2025 жылға дейін спорттық инфрақұрылымды дамытудың арнаулы жоспары ұсынылғанын атап өтті. Құжат аясында 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.