Қазақстан Үкіметі «Ата жолы» картасын пайдаланғысы келетіндерге қолдау көрсетуге дайын. Ол шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Әзірге карта 55 адамға беріліп, оның 13-і бүгінде елге келген. Карта иесі Қазақстанда жұмысқа орналасу немесе кәсібін жүргізу, әлеуметтік төлемдер жасау, кепілдендірілген медициналық көмекке қол жеткізу, білім алу сияқты қызметтерді пайдалана алады.
Алайда мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануға, республикалық референдумға қатысуға немесе дауыс беруге хақы жоқ.
Ерболат Абулхатин, ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
– «Ата жолы» картасын екі бағыт бойынша алады. Алғашқысы – шетелде тұрып, сонда дүниеге келген этникалық қазақтар. Сол жақта білім алған, сұранысқа ие мамандар – дәрігерлер, оқытушылар, инженерлер, бейінді сала мамандары. Яғни, шетелде алған білімін Қазақстанда қолданғысы келетіндер. «Ата жолы» картасын алудың екінші бағыты – табысты бизнес-кейстерді шетелде іске асырғандар. Сол бизнесін тарихи отанында жүзеге асырғысы келетіндер.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелден кәсіби мамандар мен табысты бизнесмендерді Қазақстанға тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Ата жолы» көші-қон картасы енгізілді. Жоба былтырдан бастап жүзеге асып келеді. Карта алуға «Құтты мекен», «E-Qonaq» мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады немесе Қазақстанның шетелдердегі елшіліктеріне жүгіну қажет. Бүгінге дейін 250 адам 18 мемлекеттегі елшіліктерден кеңес алған.