2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5
% өсті. Бұл көрсеткіш былтыр 5%
құраған. Өсімге көлік, құрылыс, тау-кен
өнеркәсібі және сауда салалары негіз болған. Бұл жөнінде мәжілістің жалпы
отырысында елдің қаржы министрі мәлімдеді. Мәди Такиев депутаттарға
республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін ұсынды. Осылайша,
былтыр ел қазынасының кірістері 21 трлн теңгені құрады. Бұл ретте бюджеттің
меншікті кірістері 17,5% өсіп, 15 трлн теңгеден асып жығылды. Министрдің
айтуынша, бұған экономиканы әртараптандыру, салық түсімдерін ұлғайту, сондай-ақ
әкімшілендірудің тиімділігін арттыру есебінен қол жеткізілді. Ал бюджет
шығыстары 25,5 трлн теңгені құрады. Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік
міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік
салаға 9,3 трлн теңге жіберілді. Мади Такиев атап өткендей, сандық
көрсеткіштерге ғана емес, тұрақты даму үшін ұзақ мерзімді жағдайлар жасауға да
баса назар аударылады. Осылайша, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып, елдің
транзиттік мүмкіндіктерінің аясы кеңейтіліп, жаңа өндірістер мен цифрлық
жобалар іске қосылуда.
Мәди
Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. 980 шақырым инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 6,3 мың км желісі салынды және жөнделді. Едәуір қаражат көлік инфрақұрылымына бағытталды. Шамамен 13 мың км автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылды, оның ішінде – 9 мың км республикалық маңызы бар, 4 мың км жергілікті маңызы бар автожолдар. Aграрлылық сектор бойынша ерекше мән беріле отырып, 2025 жылы 1,1 трлн. теңге бағытталған, ол 2024 жылға қарағанда 172 млрд. теңгеге көп.

