Алтыбақан, киіз үйлер мен қолөнер шеберханалары. Құдды бір қазақтың дәстүрлі тұрмыстық салтының жарқын үлгілерін паш ететін ауыл іспетті. Бұл жәдігерлер көрмесі емес, балалар этнолагері. Осы жерде жаз бойы жас буынның бойына ұлтық құндылықтар дәріптеледі. Мұнда оқушылар ата кәсіп түрлерінің тарихымен терең танысып қана қоймай, ұмытылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын өздері жасап үйренеді.
Гүлшаһар Амандық, оқушы:
– Үйірмеге қатысып жүргеніме бір жыл болды. Осы бір жылдың ішінде тоқыма ісіне қажеттінің көбін үйрендім. Менің ойымша мен бұл лагерьде бұдан басқа да көп нәрсені үйрене аламын. Мен осы лагерьде жүн түтіп, киіз басуды үйренгім келеді.
Еркеназ Қауқабаева, оқушы:
– Бұл лагерьге мен өзімнің білмейтінімді үйренгім келіп қатыстым. Мәселен мен тоқи білемін. Осы лагерьде енді көже сынды ұлттық тағамдар қалай жасалатынын үйрену үшін келдім.
ЭтноАРТ «Мирас» лагерінде «Әжелер» мектебі де жұмыс істейді. Көненің сақшылары балалардың санасына салт-дәстүрді сіңіру үшін жүн түту, ұршық иіру, киіз басу, алаша, кесте тоқу ескі әдістерін көрсетеді. Сондай-ақ көзешілік, ағаш өңдеу, қамшы өру, сурет салудың қыр-сырын меңгереді. Ұлттық тағамдар әзірлейді.
Ләззат Атыбай, №78 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі, идея авторы:
– Астананын жанындағы ауылдарға барып балалар өздері ішіп жүрген қымыздың қалай жасалатынын көрсін деген мақсат қойдық. Тек қана қымыз емес біздің өзіміздің ұлттық астар құрт жаю, тары, жазда ішетін көжеміздің қалай жасалатынын осының барлығын лагерьде үйретеміз.
Бұған қоса балалардың ой өрісін кеңейтетін ұлттық ойындар мен халық әндері үйірмелері тағы бар. Елордалық №78 мектеп-гимназиясының жанынан құрылған тағлымды тәрбиемен сусындататын мекен шілденің соңына дейін төрт ауысым бойы жұмыс істейді. Ал әрбір ауысым екі аптаға созылады.