Нұрлан Батпенов
атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының
мамандары елордада жыл сайын 8 мыңнан астам күрделі операция жасайды. Отандық дәрігерлердің көмегіне жүгініп, дертіне ем іздеушілер
Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерден де
келеді.
Олжас Бекарысов, Н.Бәтпенов
атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:
- Шетелден, негізінен
көршілес елдерден көп адамдар келеді, өйткені бізде ғана емес, шетелде есімдері
белгілі білікті мамандар жұмыс істейді. Негізінен эндопротездеу, артоскопиямен
айналысады. Орталықта туа біткен сколиозды хирургиялық түрде емдеу үшін, операция
жасауға барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Көрші елдегі әріптестерміз де бізге
науқастарын жіберіп жатады. Сонымен қатар біз осы елдерге мамандар дайындаймыз.
Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген әріптестерімізді оқыттық.
Астанаға қазақстандық әріптестерімен медицинадағы ең озық инновацияларды
талқылау үшін Түркия, Германия, Қытай, Ресей, Үндістан, Біріккен Араб
Әмірліктері және Өзбекстанның жетекші мамандары келді. Екі күндік форум аясында
ақ халаттылар бірқатар шеберлік сабақтары мен демонстрациялық операциялар өткізеді.
Солардың бірін Анкарадан келген танымал доктор, Гази институтының профессоры Улунай
Канатлы жасамақ.
Улунай Канатлы, профессор, Гази университетінің
докторы, Түркия:
- Кеше ең үлкен орталықта болдым,
құрал-жабдықтарды көріп, білікті мамандармен тілдестім. Барлығы халықаралық
стандарттарға сай, технологиялар кез келген операция түрін жүргізуге мүмкіндік
береді. Ертең шеберлік-сағаты аясында иық буынының сіңір бұлшықеттері үзілген
екі науқасқа операция жасаймын. Біреуінде сіңірді ауыстырамыз. Бұл операция Қазақстанда
алғаш рет жасалмақ. Кейін дәрігерлеріңіз өз елдеріңізде жасай бастайды деп ойлаймын.
Сіздің мамандарыңыз бізге бұрын да келіп, осындай оталарға қатысқан.
Іс-шара барысында отандық және шетелдік мамандар тірек-қимыл аппаратының
зақымдануы мен ауруларын диагностикалау және емдеу, сондай-ақ, медициналық
мекемелердің практикасына инновацияларды енгізу мәселелерін ұсынды. Қазірдің
өзінде сұранысқа ие әзірлемелердің қатарында медицина мен техниканың
интеграциясын көрсететін жас отандастарымыздың да жобалары бар. Сүйек, буын
және тіндердің үлгілерін операцияға дейін алдын ала 3D аппаратта басып
шығарудың арқасында дәрігерлер барлық қозғалыстарды алдын ала есептей алады.
Ерсұлтан Әлжанов, операция алды моделдерін
дайындау компаниясының өкілі:
- 3D басып шығаруды қолдана
отырып, операция алдындағы жоспарлау хирургқа, мысалы, сынықтың кейбір
фрагменттерін орналастыру оңайырақ болады. Яғни дәрігер алдын ала жоспарлай
алады, соған сәйкес пластинаны үлгілей алады, өлшемін, бұрандалардың санын
таңдай алады. Қысқаша айтқанда, бұл
модельдерде операцияның өзін алдын ала жасауға болады, осылайша операция
кезінде не, қайда және қалай екені анық болады.
Мамандар алда жоспар көп дейді. Қазақстанда бірінші
кезекте травматология және ортопедия бойынша жеке балалар орталығын, сондай-ақ,
аймақтарда ситуациялық травматологиялық пункттер ашу мақсаты тұр. Бүгінде бұл
бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, елімізде импланттарды өндіру
саласындағы жасушалық технологиялар мен инновацияларды дамытуға баса назар
аударылуда.