Астанада «Alem Saz» фестивалі өтіп жатыр

Қазақстан астанасында Түркия, Жапония, Венгрия, Германия, Пәкістан, Испания және Ресейдің ең үздік өнерпаздары жиналды. Бір апта бойы «Alem Saz» фестивалі аясында елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі елдің музыкасын тыңдай алады. Жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарау бағытына негізделген. Жалпы Астанада екінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль 2022 жылы Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай өткен. 3 қазанға дейін созылатын іс шара бағдарламасында концерттер, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған. Фестивальдің шымылдығын испандық музыканттар Хито Малета мен Амос Лора түрді. Айта кетейік, бұл олардың елімізге алғаш келуі емес. Болашақта әртістер отандық әріптестерімен ынтамақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Амос Лора, гитарист, (Испания):
-Біз джаз және латын элементтері бар фламенко шығармаларынан тұратын бағдарламаны әкелдік. Бұл біздің төл туындыларымыздың миксі. Осы фестивальге қатысқанымызға өте қуаныштымыз, өте әдемі зал. Көрікті, көркем қала. Астанаға бірінен бірі озатын, әдемі ғимараттар, қалада стильдердің араласуы барлығы үйлесім тапқан. Сондай-ақ, әрине қазақтың қонақжайлығы. Маған қазақ домбырасының үні қатты ұнайды, Қазақстанның ұлттық аспаптарымен жақынырақ танысқым келеді.