Қазақстандықтар ұлттық санаққа алғаш рет онлайн қатыса алады

1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, мәліметтерді жинау онлайн режимде де, дәстүрлі тәсілмен де жүргізілетін болады. Санақ жүргізу барысында Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. Оның ішіне нақтылаушы 20 сұрақ кірістірілген.

Айта кетейік, санақ кезінде 1446 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді.

Әсем Алданғарқызы, ҚР Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:

- 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн режимде өтпеген респонденттердің арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, халық санағы 2020 жылы өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған болатын.

Авторы: Гүлбану Тәжібек