Еліміздің Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздерге кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран делегациялары, сондай-ақ Сирия Үкіметі мен оппозициясы өкілдері қатысады. Байқаушы ретінде БҰҰ, Иордания, Ирак пен Ливан өкілдерінің қатысуы жоспарланған. Сыртқы істер министрлігінде атап өтілгендей, күн тәртібінде Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалдың өзгеруі мен Сирия еліндегі жағдай, САР-дағы кешенді реттеу бойынша күш-жігер, терроризмге қарсы күрес мәселелер, елдегі гуманитарлық жағдай, сонымен қатар сириялық босқындарды отанына қайтару үшін жағдай жасау мақсатында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдыру сияқты мәселелер қаралады. Бірінші күні Сирия-Түркия қатынастарын қалпына келтіру бойынша «Жол картасы» жобасын дайындау барысын талқылау мақсатында Иран, Ресей, Сирия және Түркия сыртқы істер министрлері орынбасарлары төртжақты консультациялар өткізеді. Сонымен қатар Астана процесіне қатысушылар екіжақты және үшжақты кеңестер өткізуге ниетті. Кездесудің келесі күні жалпы отырыс және баспасөз конференциясы жоспарлануда.