Франциялық инвестор Павлодар мұнай-химия зауытында сутегін өндіру қондырғысын салады. Көміртек шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаның құны 90 млн еуро. Сондай-ақ, қос елдің ІТ компаниялары бұлтты платформа құру және жасанды интеллектіні дамыту жөнінде нақты келісімге келді. Астанада Қазақстан - Франция инвестициялық форумында осы секілді 15 құжатқа қол қойылды. Олар экономиканың негізгі стратегиялық бағыттарын қамтиды. Жалпы соңғы жылдары өзара алыс-беріс артып келеді. Францияның Орталық Азия елдерімен саудасының 80% Қазақстанға тиесілі. Былтыр арадағы тауар айналым 30% артып, 5 жарым млрд долларға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіштің дені экспорттың үлесінде. Еліміздегі француз инвестициясы 20 млрд долларға жуықтады. Тек өткен жылдың өзінде еуропалық мемлекет біздің экономикаға 843 млн доллар құйды. Тараптар жетістікті еселеуге мүделлі. Себебі, ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де зор.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер министрі:
- Біз Еуропа мен Азияны байланыстыратын транскаспий халықаралық көлік бағытын
дамытуда әріптестік аясын тереңдетуге мүдделіміз. Жалпы Қазақстан француз
университеттерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті. Әсіресе сирек
кездесетін металлдар, ауыл шаруашылығы, гидрология, геодезия, геофизика және
энергетика саласында бірлескен жобалар қолға алынады. Сондай-ақ, су
менеджменті, фармацевтика, туризм және жасанды интеллект бойынша да өзара байланысты
кеңейтеміз. Қазір бұл бағыттарда жетекші француз компанияларымен белсенді
диалог жүргізілуде.
Лоран Сен-Мартен, Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары
мәселелері жөніндегі уәкілетті министрі:
- Ынтымақтастығымыз тың серпін алды. Себебі Франция мен Қазақстан өзара
байланысын әртараптандыруы қажет. Бүгінде елдеріміз стратегиялық серіктестік
орнатты. Ол құжатқа Президенттеріміз Тоқаев пен Макрон былтыр қараша айында қол
қойды. Біз осы форумда сол серіктестікті нақты іске асырдық деп айта аламын. Бизнесмендер
бір-бірімен кездесіп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.

