Қазақстан
инвестициялық әлеуетін арттырып келеді. Астанада жаһандық инвестициялық форум аясында
жалпы құны 7,5 млрд доллар болатын 50 тарта құжатқа қол қойылды. Іс-шарада
түрлі корпорациялар, инвестициялық қорлар мен мемлекеттік құрылымдардың
өкілдері бас қосты. Барлығы әлемнің 50 елінен мыңнан астам қатысушы жиналды. Бұл
еліміздің экономикасына деген сенімнің көрінісі. Бұл ретте, былтырдан бері
республикаға 17 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанын айта кету керек. 45
кәсіпорын ашылып, жаңадан алты мың жұмыс орны құрылды.
Қабидолла
Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Қазақстан бүгінде
тартылған инвестициялар көлемі бойынша Орталық Азия мен Солтүстік Кавказ елдері
ішінде көш бастап тұр. Өңірге тартылған барлық инвестициялардың 60% жуығы
Қазақстанның үлесінде. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығы өте жоғары екенін
көрсетеді. Тың көрсеткіш Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы, елдің аумағы
және экономика көлемімен байланысты. Шығыс, Батыс, Солтүстік және Оңтүстікті
тоғыстыратын 9 жолдың торабындағы елміз. Жер қойнауымыз пайдалы қазбалар, шикізатқа
бай.
Шетелдік
компаниялар Қазақстанды тиімді географиялық орналасуы мен экономиканың
тұрақтылығы үшін ғана таңдамайды. Салықтық және кедендік жеңілдіктер мен бизнес
құқықтарын қорғау сынды мемлекеттік қолдау шаралары да республиканы инвесторлар
үшін тартымды ете түскен. «Астана»
халықаралық қаржы орталығы осы диалогтың басты алаңына айналды.
Ренат Бектуров, АХҚО
басқарушысы:
- Бүгінгі таңда көлік
және логистика, оның ішінде қоймалар, сондай-ақ елдің дәстүрлі энергетикалық
секторы, жаңартылатын энергия көздері, бұған қоса агроөнеркәсіптік кешен мен
отандық тау-кен өндірісі және жаңа айти-стартаптар - инвесторлар үлкен
қызығушылық танытатын Қазақстандағы аса сұранысқа ие салаларға айналып келеді.
Қазақстан
экономикасы тұрақты және жаһандық бизнес пен жаңа идеялар үшін ашық сенімді
серіктес ретінде танылып келеді. Бүгінде Қытай, Ресей, Нидерланды, Оңтүстік
Корея және Бельгия елдер арасындағы ірі инвесторларымыз. Сарапшылардың пайымынша,
алдағы уақытта бұл тізім тек кеңейе түседі. Бұған елдің әлеуеті жеткілікті.

