Астанада Молдова елшілігі өз жұмысын бастады. Оның ашылу салтанатына Қазақстан мен Молдова Премьер-министрлерінің орынбасарлары – сыртқы істер министрлері қатысты. Жиында Мұрат Нұртілеу мен Михай Попшой екі жақты ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Тараптар әңгімелесу барысында сауда-экономикалық әріптестікті нығайту жолдарына басымдық берді. Өткен жылы мемлекеттер арасындағы тауарайналымы 75% артып, 66 млн долларды құрады. Жалпы сыртқы саясат ведомстволарының басшылары достық пен өзара тиімді қолдауға негізделген екіжақты әріптестікті тереңдетуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, өнеркәсіп, цифрландыру, мәдени және гуманитарлық салалардағы мүмкіндіктерді пайдалану бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді. Сондай-ақ, іскерлік кооперацияны жандандыру аясында үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын және Қазақ-Молдова іскерлік кеңесінің бірінші отырысын өткізу туралы уағдаласты.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан Молдованың Шығыс Еуропадағы сенімді әрі ынтымақтастықты бірге дамытуға мүдделі серіктес ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда Президенттеріміз арасында тұрақты және конструктивті саяси диалог жолға қойылған. Осы тұрғыда біз Кишиневпен өзара тиімді және ұзақ мерзімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз.
Михай Попшой, Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- 2020-шы жылы Кишиневте Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің ашылуы және осы ресми сапар барысында Астанада біздің елшіліктің ашылуы мемлекеттеріміз арасындағы берік әрі сенімді қарым-қатынастарды институционалдандырудағы маңызды кезеңнің белгісі. Біз екі ел азаматтарының игілігі үшін өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниеттіміз. Ұзақ мерзімді перспективада байланыстарымызды нығайтуға бейілдіміз.

