Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады

Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады

Қазақстан мен Қырғызстаннның шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады. Сенат тараптардың уағдаластығын реттейтін келісімді мақұлдады. Жалпы аумағы 7,6 шаршы шақырым жерді алатын кешенді 2027 жылы қолданысқа беру жоспарланған. Оның құрылысы толық инвестициялық қаражат есебінен жүзеге асады. Ауқымды жобаның жалпы құны 30 млрд теңге шамасында болмақ. Тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалар салынып, инженерлік және көлік инфрақұрылымы тартылады. Ал өндірістік алаңдарда бірлескен жобалар іске асырылады. Бұл ретте екі жақтың да әлеуеті жеткілікті дейді, депутаттар.

Айта кетейік, өзара тауарайналым 2020 жылдан 2 есе артып, былтыр 1,6 млрд долларды құрады. Оның 1 млрд доллардан астамы қазақстандық экспорттың үлесінде.  

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біздің мемлекеттердің басшылары 2030 жылға дейін тауар айналымын екі есеге ұлғайту және оны 3 млрд АҚШ долларына жеткізу бойынша тапсырма қойып отыр. Осыған байланысты «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру екіжақты ынтымақтастықты жандандыру әрі өзара тауар айналымын ұлғайтуға, сонымен қатар үшінші елдермен сауданы кеңейту және халықаралық тауар өндіруші жүйелерге тиімді ықпалдасу үшін қажетті қадам болып табылады.