БҰҰ Бас хатшысы Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалады. Антониу Гутерриш Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын, еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл туралы ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Астанаға Мемлекет басшысының шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитіне қатысуға арнайы келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны және ШЫҰ саммитіне қатысуға арнайы келгені үшін Қатар Мемлекетінің Әміріне алғыс білдірді. Мемлекет басшысы екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады. Өз кезегінде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни тараптар әлі де ауқымды жұмыс атқаруға, соның ішінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға тиіс екенін атап айтты.
Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстіктегі көршіміздің «Нанхай рухын» нығайту ісіне және Ұйымға мүше елдермен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген қазақ-ресей қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы жөнінде айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Тәжікстан және Әзербайжанның Мемлекет басшыларымен кездескен болатын.