Парижде қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жазған мақалалары кітап басылып шықты. Еңбектерді топтап жинауға Түркияда тұратын қазақ тарихшысы Әбдіуақап Қара мұрындық болған. 20 жылдай эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай жүздеген мақала жазды. Оның 120-сы француз тілінде. Францияның ақпарат құралдарында жарияланған туындыларының осы бөлігі жаңа жинаққа енді. Болашақта батыс басылымдарында жарияланған Мұстафа Шоқайдың мақалаларын қазақ тіліне аудару жоспарда бар.
Әбдіуақап Қара, Мимар Синан атындағы университеттің профессоры:
– Бұл кітап сол зерттеушілерге оңай болсын. Біз Шоқайды қалай танимыз? Оны пікірлері арқылы танимыз. Сондықтан оның өзінің таза ойын, таза қаламынан көру керек. Сондықтан бұл француз тіліндегі мақалаларын біз аударған жоқпыз. Сол оригинал күйінде бердік. Енді оны ғалымдар, француз тілін білгендер түсінеді. Екіншіден, біз оны шығарудың бір себебі - Еуропа танысын деп, өйткені өзіміздің ұлдарымызды өзімізге ғана айтып қоймауымыз керек, әлемге таныстыруымыз керек.