Қазақстан БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына берік. Республика жаһандық ұйымның рөлі мен беделін нығайтуға үлес қосуды әрі қарай жалғастыруға ниетті. Бұл туралы Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдығына арналған салтанатты шарада еліміздің Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев мәлімдеді. Мерейтойлық іс-шараға қатысушылар Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті одан әрі ілгерілету, сондай-ақ Сирия бойынша Астана процесі аясында бейбіт келіссөздер жүргізу мен конфессияаралық диалогты ынталандыру секілді бастамалардағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.
Татьяна Валовая, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:
- 30 жыл ішінде Қазақстан БҰҰ-ның беделді мүшесі болды. Осы жылдар ішінде көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіне, қарусыздану, тұрақты даму мақсаты мәселелеріне көп үлес қосты. Қазақстан – ядролық қарусыздану мен ядролық сынақтарға тыйым салған негізгі бастамашылардың бірі. Қазақстан аумағында көптеген үдеріс болғанын да білеміз. Сондықтан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және қарусыздану мәселесі бойынша қажет шараларды қабылдап жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның рөлі әрине, қашанда өте маңызды екенін айтқым келеді.
Ольга Алгаерова, БҰҰ ЕЭК жауапты хатшысы:
- Қазақстан халқы мен билігін БҰҰ-ға қабылданғанына 30 жыл толуымен құттықтап, ізгі тілектерімді білдіргім келеді. Біз барлық министрлікпен түрлі аспект бойынша, яғни экология, энергетика, көлік, сауда және статистика бағытында тығыз жұмыс атқарамыз. Сондай-ақ республика біздің Су конвенциямызды жүзеге асырып, төрағалық етуге үлкен үлес қосты.
БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері мен қарусыздану саласындағы сарапшылары Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға және оның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға қосқан үлесі үшін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.
Марк Фино, Женева қауіпсіздік саясаты орталығының бөлім басшысы:
- Қазақстан өзінің ядролық арсеналынан бірінші болып бас тартты. Қарусыздану, халықаралық ынтымақтастық және бейбіт өмір сүруді ілгерілетуге зор үлес қосты.
Сондай-ақ сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі мен төрағалығының, Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелігінің нәтижелерінің маңыздылығын атап өтті.