Астанада Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылар кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан мен Өзбекстанның сауда-экономикалық және саяси қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге толық негіз бар. Бұл екі елдің белді сарапшыларының пікірі. Осы аптада Қазақстанға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев келеді. Маңызды мемлекеттік сапар қарсаңында елордада Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылар кеңесінің отырысы өтті. Жиында екі елдің сарапшылары екіжақты ынтымақтастық пен аймақтық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады

Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азиялық зерттеу бөлімінің аға сарапшысы:

– Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы жетекші экономикасы бар мемлекеттер болғандықтан, бұл тек қана екіжақты байланыстардың дамуына ғана емес, аймақтың, аймақ ішіндегі экономикалық, сауда-саттықтың дамуына, одан ары ынтымақтастықтың нығаюына үлкен бір септігін тигізбек. 

Соңғы 7 жылда екі елдің сауда айналымы екі есе артып, 4,5 млрд АҚШ долларына жеткен. Қазақстан Өзбекстанға 3,1 миллиард доллардың тауарын экспорттады. Көрші елдің біздің нарыққа импорты 2023 жылы 4%-ға өсіп, 957 миллион доллардан асты. Алдағы уақытта көрсеткішті екі еселендіру көзделіп отыр. Ол үшін қос ел сауда-саттықтағы кедергілерді барынша азайтуы қажет.

Элдор Арипов, Өзбекстан Республикасы президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеу институтының директоры:

– Біз Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуінің қарсаңында аймақ елдерінің көлік байланысын дамыту кеңесін құру туралы ұсыныс жасап отырмыз. Біздің пікірімізше, барлық мемлекет осы саланы дамытуға бірдей, келісілген көзқараспен қарағаны дұрыс. Бұдан барлық тарап ұтады. Осы мәселені жолға қойып, барынша, көлік дәліздерін құратын болсақ, экономиканы дамытуға да, инвестиция тартуға да оңай болады.