Қазақстан және Оңтүстік Корея атом энергетикасын дамытуда ынтымақтастық орнатпақ. Қос тарап тиісті меморандумға қол қойды. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бастаған қазақстандық делегация Оңтүстік Корея елінің сауда министрлігінің, осы елдің атом энергетикасы корпорациясының және ірі компанияларының өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сапар барысында отандық мамандар оңтүстіккореялық атом электр станцияларында болып, реакторлардың жұмысымен танысады. Бүгінгі күні Біріккен Араб әмірліктеріндегі атом станциялары кореялық технологиялар бойынша салынған. Қазақстан қазіргі уақытта осы тектес АЭС құрылысы жөнінде Чехия, Польша, Нидерланд және Украина елдерімен де келіссөз жүргізуде.
Нам Ё Сик, Корея атом энергиясы корпорациясының президенті:
– Кореяда 24 энергоблок бар. Сонымен қатар тағы 4 энергоблок салынып жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде жоспарланған 4 энергоблоктың 2-і коммерциялық пайдалануға берілді. Біз Қазақстанмен көптеген салаларда ынтымақтаса аламыз. Біріншіден, атом электр станциясын пайдалану саласында. Сонымен қатар, инфрақұрылым салып, адам ресурстарын дайындай аламыз. Меморандум атом электр станциялары бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүмкіндік ашады деп сенемін.
Жандос Нұрмағанбетов, ҚР энергетика вице-министрі:
– Кез келген ел ең қолайлы жағдайды, ең жақсы технологияны, ең мықты құрылыс жағдайын, ең тиімді бағаны таңдағысы келеді. Қазақстан да осы қағиданы ұстанады. Қазір біз бірнеше серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. «Росатом» тобы Қазақстанда белсенді жұмыс істейді. Француздың EDF тобы бар. Болашақта модульдік реакторлар қарастырылады. Біз корей тарапының бұл жұмысты жандандырғанын қалаймыз. корейлік технологияны қолданатын станция салуды өте байсалды деңгейде қарастырар едік.