Қазақстан мен Еуроодақ саяси, сауда-экономикалық, құқық, көлік, энергетика, білім беру, ғылым, қоршаған ортаны қорғау секілді түрлі салада ынтымақтастық орнатқан. Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуроодақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі саналатынын айтты. Республикамыздың сыртқы саудасы мен тікелей шетелдік инвестицияларының 40 проценті осы одақтың үлесінде.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Еуроодақ өкілдерімен ынтмақтастықтың түрлі бағыттарын талқыладық. Одақ шекара қауіпсіздігі, білім беру, есірткі саудасымен күресте қарым-қатынасты нығайту бойынша бірнеше жылдық бағдарламаларды да іске асырып келеді. Олардың аясында Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобаларға ақша бөлу қарастырылған. Басқосу барысында Еуроодақ өкілдері осындай жобаларды қаржыландыруды арттыруға дайын екендерін айтты.
Люк Девинь, ЕО Ресей, Орталық Азия және еқыұ бойынша басқарушы директорының орынбасары:
– Қазақстан мен Еуроодақтың достығы бұрыннан жалғасып келеді. Арадағы ынтымақтастық 29 саланы қамтиды. Бұл екіжақты және аймақтық серіктестікке қатысты. Ондағы Қазақстанның рөлі маңызды. Еуроодақтың дипломатия басшысы Жозеп Боррель биыл Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға баруды жоспарлап отыр. Біз ынтымақтастығымызды нығайта береміз. 16-шы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Жаңа Қазақстанды құру бағдарламасының іске асуын қызығушылықпен бақылаймыз. Президенттің айтқаны біздің құндылықтарымызбен үндеседі.
Еуроодақ өкілдері қызығушылық танытып отырған көлік дәліздерінің бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Роман Василенко еуропалық әріптестеріне оның артықшылықтары туралы айтып, бұл бағдарды қолдану Еуроодақтың «Жаһандық қақпа» стратегиясының мақсаттарымен үндесетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар кездесу барысында жасыл энергияны дамыту, Еуропалық батарея және шикізат альянсымен серіктестік орнату, климаттың өзгеруімен бірлесе күресу, 2060-шы жылға дейін Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жоспарын талқылады.
Клемен Грошель, Еуропарламенттің Қазақстан бойынша тұрақты баяндамашысы:
– Қазақстанның экономиканы көміртексіздендіру бойынша ұлттық жоспары туралы біліп қатты таңқалдым. Ол елдеріңіздің бұл бағытта Еуроодақты үлгі ететінін көрсетеді. Біздің ынтымақтастық орнату үшін мүмкіндіктеріміз жетіп артылады. Егер бәрі жоспарға сай өтсе, одан да тығыз ынтымақтастық орнату үшін мол мүмкіндік туады.
Енді тараптар «Қазақстан-Еуроодақ» серіктестік кеңесінің 19-шы отырысында кездесуге ниетті. Ол маусымға жоспарланып отыр.