Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне қажетті түрлі құрамдас бөліктер шығаратын бірден 4 жаңа өндіріс ошағы іске қосылуы мүмкін. Әрқайсысының құны кемінде 20 млн долларға бағаланып отыр. Бұл кәсіпорындарды шетелдік қаржы есебінен салу көзделуде. Бұған бірнеше елдің инвесторы қызығушылық танытқан. Әлеуетті жобаларды жүзеге асыруға, Түркия, Қытай, Германия және Орталық Азия елдері ниетті. Бұл жөнінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары жөніндегі кеңестің бизнес-форумы аясында мәлімдеді. Онда кеңеске мүше 20 мемлекеттің үкіметтік және бизнес қауымдастығының 140-қа тарта өкілі бас қосты. Қатысушылар елордалық алаңда халықаралық ұйымның кеңістігінде баламалы қуат көздері, жасыл қаржыландыру және азық-түлік қауіпсіздігі бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды талқылау қамында жиналды. Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қазақстанның агроөндірістік кешеніне қаражат салуға Кувейт пен Қытай мүдделі екенін атап өтті. Соңғылары еліміздің аумағында ет пен астықты сертификаттау үшін бірден бірнеше зертхана ашуға дайын екендерін жеткізді. Бұндай ауқымды жобаның бірі жақында «Қазақстан-Қытай» шекарасындағы Алашанькоу темір жол станциясында пайда болады деп күтілуде. Бұл ең алдымен аспан асты еліне отандық ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға серпін бермек.
Райымбек Баталов, «Атамекен»
ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:
- Бұл зертханаға
қатысты сұрақтар жыл соңына дейін шешіледі. Яғни, Қытай тарапы қараша-желтоқсан айларында
бұл мәселенің түйінін тарқатуға уәде берді. Сондықтан келесі жылдың 1 тоқсанына
дейін бұл зертханалар Қазақстан аумағында инвестицияланып, сертификатталып,
жұмыс істейтініне сенімдімін. Ол ең алдымен отандық астық өндірушілер мен
экспорттаушылар үшін тиімді болады. Қазақстанның оңтүстігінде және елдің
орталық өңірлерінде осындай 3-4 зертхана ашылады деп жоспарлап отырмыз.