Араға 30 жыл салып Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы сахнаға оралды. Жылдың ғаламат премьерасын «Астана Опера» ұжымы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әзірлеуде. Батырлық қойылым бұл жолы жаңа таңғажайып оқиғалармен түрленеді. Сонымен қатар сахнада шекспирлік құштарлық та шарықтай түспек.
Азамат Жылтыркөзов, «Астана Опера» театры труппасының директоры:
- Оның бірегейлігі неде? Бұл опера 1973 жылы жазылған. Ол Кеңес Одағы ыдырағанға дейін қойылып жүрді. Ал қазір бұл опера 30 жылдан кейін жаңа бағытта, жаңартылған нұсқада сахналанатын болады. Егер опера туралы айтар болсақ, басты кейіпкерлер: Алпамыс, оның сүйіктісі Гүлбаршын, сондай-ақ дұшпандары Тайшық хан, Мыстан кемпір мен Қараман және тағы басқалар.
Ұлттық эпостық кейіпкер Алпамыс батырға арналған опера сюжетімен қатар бақыт, еркіндік пен туған жер үшін қазақ халқының күресі мен махаббатын жырлайтын осынау туындының бірізді музыкалық драматургиясы көрермен көңілін бірден арбайды. Премьерада басты партияларды Расул Жармағамбетов пен Жамиля Джаркимбаева орындайды. Сахнадағы аңыз атақты ресейлік режиссер Юрий Александровтың қойылымында ұсынылады.
«Алпамыс» операсының премьерасы желтоқсанның 3-і мен 4-іне жоспарланған. Алайда қоюшылардың айтуынша, оны кейін де тамашалауға болады. Өйткені ұлттық опера өнерінің жауһары елордалық театрдың тұрақты репертуарына енеді.
Авторы: Гүлбану Тәжібек