2030 жылға қарай Қазақстанның зейнетақы жүйесі қалай өзгереді?

Үкімет зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ең аз еңбек өтілін екі есеге, яғни 10-нан 5 жылға дейін азайту көзделген. Бұл өзгерістер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы жүйесінің жаңа тетіктері бойынша тұжырымдамасында қарастырылған. Ұсынылып отырған құжатта зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау туралы бап бар. Қазіргі уақытта ол 33 жыл еңбек өтілі және одан көп болған жағдайда 1 күнкөріс деңгейін құрайды.

Бұған қоса 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізуі көзделген. Яғни зейнетақы жарнасы ретінде қызметкер табысының 5% аударады. «Мұндай тәсіл салымшылардың зейнетақы жинақтарының қажетті деңгейін сақтауға, келешекте оны мақсатты пайдалануға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Блиц:

- Қазір Үкімет халық үшін көп нәрсе істеп жатыр ғой. Оны қолдаймын. Бұл өте жақсы. Ақшаның көбейгеніне кім ренжиді?!

- Бір жағынан жұмыс берушіні шығынға алып келетін сияқты. Ал негізі жұмыс істейтіндерге, әрине, ол пайдалырақ болады.

- Халықтың көп бөлігі бұл жаңалықты жақсы қабылдайды деп ойлаймын. Алайда экономикалық тұрғыда мәселелер туындауы мүмкін. Ол бюджет пен зейнетақы қорына қосымша жүктеме түсіреді.

- Ең төменгі зейнетақыға іліктік, рахмет Үкіметке! Оған еш реніш жоқ, Қосылып жатса, жақсы.

Мемлекеттік төлемдерді өтеу ережелері де өзгеретін болады. Әзірге зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы тиісті мемлекеттік органдармен пысықталып жатыр.