Қазақстанға келген шетелдік қонақтарға жаңа туристік алым енгізіледі. Оның ережелері ел Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Тиісті құжатқа сәйкес, жарна жатақханалар, қонақүйлер, қалалар мен аудандардағы жалға берілетін тұрғын жайларды қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болған әр тәулік үшін алынады. Сырттан келген азаматтарға салынатын төлем тұру құнына енгізілмейді.
Туристік жарна келер жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда болу құнының 0% құрамақ. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан оның көлемі 5% аспауы тиіс. Оның мөлшерін есептеу өткен күнтізбелік жылдың өзекті статистикалық деректері негізінде жүргізіледі. Жарна турист ел аумағында күнге толмай жайғасқанның өзінде толық өтелетін болады. Саяхатшы алымын операторлар оларды орналастыру орындарында тіркеу сәтінде жүзеге асырады.
Еске сала кетейік, қаулы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов