Өз стартапыңды қалай ашуға болады? Идеяны іске асыруды неден бастау керек? Инвесторды қалай тартамыз және бұл істе қандай нюанстарды білу керек? Осы және өзге де сұрақтарға халықаралық технопарктің мамандары мен IT саласындағы танымал кәсіпкерлер жауап береді. «Astana Hub» өз ісін бастаушыларға жаңа курсты іске қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, курсқа қатысуға 600-ден астам өтініш келіп түскен. Өтінім берушілердің арасында тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ басқа мемлекеттердің өкілдері де бар. Мамандандырылған платформада оқыту онлайн және тегін өтетінін айта кеткен жөн. «Ең бастысы қатысушылар тарапынан ұмтылыс болса болғаны», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Айбар Үсенов, «Astana Hub» білім беру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері:
- Біз ұйымдастырып отырған курстың оқытушылары қатарында Марат Төлебаев бар. Ол – танымал инвестор, технологиялық кәсіпкерлік саласында өте тәжірибелі бизнесмен. Сондай-ақ қатарда бұрын елордадағы «Женева» бизнес мектебін басқарған, директор Алина Абдрахманова бар. Спикер Рината Илюбаеваны да атап өту керек, ол – компанияның және стартаптың басшысы.
Курсты әзірлеушілердің айтуынша, барлығы 20-ға жуық танымал спикер ісін жаңадан бастауға дайындалып жүрген азаматтармен білім бөлісетін болады. Сабақ 2 аптаға созылады. «Astana Hub» мамандары стартап мектебін бітіргендер болашақта жаңа жобалардың белді авторлары болатынына сенімді.