Бабалар ізімен ежелгі қоныстарға саяхат. Атқа қонған белсенді топ Сарыарқа төріндегі 1250 жылдық тарихы бар көне Бозоқ қалашығынан экспедицияға аттанды. Сәйгүлігін баптап, тұлпарын тақымға басқан 15 азамат теріскейдегі ежелгі Ботай қонысына бет алды. Мақсат – дәуірлерді тоғыстырған тоғыз жолдың торабындағы Ұлы Жібек жолының тармақтарын жаңғырту, төл мәдениет пен ұлттық дәстүрді насихаттау.
Дидар Оралбекұлы, экспедиция мүшесі:
– Әр аялдамада тек қана атпен жүру емес, сол жердің мәдениетін тарихын бүгінгі жастарға өнеге ету. Негізгі мақсатымыз – кешегі жүріп өткен батырлардың ізін жаңғырту, атқа міну мәдениетін, дәстүрін дәріптеу, сонымен қатар Қазақстан Республикасы рәміздерінің 30 жылдығының аясында, сонымен бірге белгілі археолог Виктор Зайберттің еңбегіне арналалы.
Сапар барысында салт аттылар Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінің киелі мекендеріне табан тірейді. Жол-жөнекей Домбыралы өзені, Имантау, Абылайхан қорымы, Ағынтай-Қарасай батырлар кешені сынды бірқатар қасиетті жерге ат тұяғын тигізбек.
Жеңіс Ермұқан, корреспондент:
– Тарихи мекендерді жалғайтын ұзақ жолға атпен шығудында өзіндік мән маңызы бар. Діттеген соңғы нүкте – жер жаһанға әйгілі Ботай қонысы. Ол құтты жерде дүние жүзінде жабайы жылқы тұңғыш рет қолға үйретілген. Бұны әлемдік қауымдастық мойындап отыр. Яғни, Ұлы дала алысты жақындатқан атқа міну мәдениетінің қайнар көзі. Содан бері ат баптап, ата кәсіпті үзбей келетін қазақ үшін қамбар ата төлі қашанда киелі, жеті қазынаның бірі.
Тамыры терең тартқан тарихи-мәдени орындарды бір аптаның ішінде аралап шығу жоспарланған. Экспедиция мүшелері күніне 60-70 шақырымды жүріп өтіп, бас-аяғы 450 шақырымды бағындыруды көздеп отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқан