Алматының негізгі капиталына инвестиция көлемі артты

Биыл Алматы қаласының негізгі капиталына 700 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Аталған қаржының басым бөлігін жеке инвесторлар салған. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев осындай мәліметпен бөлісті.

Оның айтуынша, қаражаттың дені жылжымайтын мүлік секторына бағытталған. Тағы бір бөлігі өнеркәсіп, көлік, қойма, денсаулық сақтау, әлеуметтік және қаржы салаларына, сақтандыру қызметіне құйылыпты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәліметіне сәйкес, биылғы жылы Алматыда жалпы саны 90 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджетке салық пен өзге де төлемдер былтырғы жылмен салыстырғанда 1 процентке артық түскен. Мемлекеттік бюджетке түсімдердің жалпы көлеміндегі қаланың үлесі 23,5-тен  25,7%-ке дейін өскен.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев уақытылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында Алматы экономикасы тұрақталғанын атап өтті. Өнеркәсіп, байланыс және құрылыс сынды стратегиялық салаларда экономикалық өсім сақталды.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Осылайша, қалада эпидемиядан кейінгі кезеңде жедел қалпына келуге қажет әлеует сақталды. Алматы әкімдігі қолға алған дағдарысқа қарсы шаралар кешені жұмыс орындарын, азаматтардың кірістерін сақтауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, өндірістік буындардағы тапсырыстарды ынталандыруға бағытталған.  1 желтоқсандағы жағдай бойынша 77 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 37 мыңы – тұрақты жұмыс орны болып табылады.

 

Авторы: Данагүл Біләлова