Ел аумағында заң үстемдігі мен тәртіпті қалпына келтіру бойынша контртеррористік операция жалғасуда. Қазір барлық өңірде жағдай тұрақталды. Алматы қаласында бүлікшілерді анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары шаһарға кіретін және шығатын жолдың барлығын бақылауға алды. Жалпы саны 13 бақылау-өткізу бекеті қойылды. Тексеру шаралары барысында автокөліктерімен қару-жарақ өткізуге әрекет жасаған қаскөйлер ұсталуда.
- Жоғары бас қолбасшының бұйрығымен қаладағы контртеррористік операция келесі кезеңге өтті. Содырлардың Алматы қаласының аумағынан шығып кетуінің алдын алу үшін барлық блок бекеттерге әскери бөлімшелер орнатылды. Көліктерді тінтіп, құжаттарды тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, штабқа жеткізілуде.
Қаладағы жалпы ахуал тұрақталғанымен, терроршы топтардың әрекеттері толық тыйылған жоқ. «Әскери киім киіп, қала көшелерінде жүрген қылмыскерлер ұсталған», - дейді жауынгерлер.
Ермахан Нұрсұлтанов, курсант:
- Көтерілісшілер әскери киімдерді ұрлауға дейін барып отыр.
Бүлікшілердің әрекетінен қаладағы сауда орталықтары мен дүкендері тоналып, жүздеген ғимарат пен автокөлік өртелген. Күш құрылымдары түгелдей әскери дайындыққа келтірілді. Төтенше жағдай режимі және коменданттық сағат, бақылау-өткізу бекеттерінің қызметі ахуал толық тұрақталғанша сақталады.