ЕҰУ базасында 3D принтерлерін құрастыратын өндірісті іске қосу жоспарлануда

Онда жылына үш жүзге дейін осындай техника шығарылады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта технопарктер, оқу және ғылыми мекемелер, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік өнеркәсіп кәсіпорындарына саудаға шығару жағы да қарастырылған. Бұл туралы оқу орынының инновациялық ғылыми жобаларын таныстыру барысында университет проректоры Жанна Құрманғалиева мәлімдеді. Көрмеде білім ошағының ғалымдары мен оқытушыларының 20-дан астам ғылыми әзірлемелері ұсынылды. Олардың ішінде түрлі ғылыми зертханалардың, ENU-LAB өндірістік орталығының, сондай-ақ, Ядролық технологиялар паркінің жобалары бар. Соңғысының негізінде энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина сынды әртүрлі салаларға арналған экологиялық таза өнімнің 12-ден астам түрі шығарылады. Жалпы алғанда, университет ғалымдары 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда, олардың барлығын коммерцияландырудың әлеуеті зор.

Жанна Құрманғалиева, Л.Н Гумилёв атындағы ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры

- Өткен жылдың өзінде университеттің ғылыми қызметтен түскен табысы екі есеге жуық өсті. Яғни, қазір ғылымға мемлекет қана инвестиция сала бастаған жоқ, бизнес инвестиция сала бастады, халықаралық ұйымдардың байқауларында жеңіске жетіп, экономикалық келісімдер жасасты. Жалпы, университет ғалымдарының еңбектері үлкен сұранысқа ие. Бұл – экономиканың нақты мәселелерін шешуге бағытталған жобалар. Осыған байланысты біз өз өнімдерімізді бірлесіп әзірлеу және өндіру туралы келісімдер жасауда өте белсенділік танытып отырмыз.