Ел өңірлеріне ұшақпен тегін жету. Кидс гоу фри бағдарламасының арқасында жүздеген қазақстандық балақай үшін осындай мүмкіндік жасалды. Ішкі туризмді дамытуға арналған жоба жүзеге асырылған алты айдың ішінде 300-ден аса кішкентай жолаушыға Қазақстан бойынша туристік жолдамалар құрамында тегін әуе билеттері табыс етілген.
Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» компаниясының өкілі:
– Бағдарламаны жүзеге асыру механизмі өте қарапайым. Туристер туроператорға келіп, бронь жасайды. Сол кезде балалардың әуе билеттерінің құны алынып тасталады. Себебі, оны мемлекет субсидиялайды. Яғни, 2-ден 17 жасқа дейінгі балалардың ұшақпен ұшуы – тегін. Одан әрі, туроператорлар саяхат пакеттерін таңдап, қалыптастырады және балалар билеттерінің шығынын өз есебінен өтейді. Ал турпакет толығымен жүзеге асырылғаннан кейін олар «Қазақтуризмге» өтінім жолдайды. Біз оны 10 күн ішінде қарап шығып, тиісті қаражатты туроператорларға аударамыз.
Бағдарламаға кез-келген қазақстандық отбасы қатыса алады. Басты талап – жолдаманы жобаға тіркелген туроператорлардан сатып алу керек. Қазір тізімде 20 компания бар. Сонымен бірге, бала ата-анасымен немесе ата-әжесі, ағасы, әпкесі сынды жақын туыстарымен бірге болса ғана, тегін әуе билеті бөлінеді. Сонымен, ел ішінде демалуды жөн көрген қазақстандық отбасылар қай өңірлерді жиі таңдайды екен? Бұл сұраққа жауапты «Қазақ туризм» компаниясының өкілдерінен білейік.
Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» компаниясының өкілі:
– Соңғы жылдары Ақтау, Түркістан қалаларына көп көңіл бөлінуде. Өйткені ол жерлерде ірі туристік кешендер салынды. Әрине жергілікті туристердің назары дәл сол өңірлерге түсері анық. Бұл тенденция біздің статистикамызда көрсетілген. Осы екі дестинацияға сұраныс жоғары. Әсіресе қолға алынған бағдарламаның арқасында. Қазақстан - туристік бизнесті ілгерілету үшін Кидс гоу фри бағдарламасын үкімет деңгейінде енгізген алғашқы ел.
Кидс Гоу Фри бағдарламасы бойынша биылғы жылға 350 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жоба аясындағы турлардың орташа бағасы -350 мың теңге. Сала өкілдерінің айтуынша, бағдарламаның арқасында қазақстандық отбасылар туристік жолдама құнының 30 процентіне жуығын үнемдей алады.