Қазақстандық студенттер киноиндустрия саласының арнайы эффектілерін жасауға үйретіледі. Еліміздің жоғарғы оқу орындары мен кино мектептерінің бірінде де бұрын-соңды мұндай мамандық болмаған.
Алматыда америкалық оқыту әдіснамасымен медиа саласында білім беруге арналған жаңа оқу орны ашылды. Отандық киноөндіріс майталмандарының айтуынша, осы салада әлі күнге дейін білікті мамандардың тапшылығы байқалады. Бірінші кезекте, сандық үлгіде жұмыс жасайтын режиссерлер, сценаристер мен монтаждау бағытындағы мамандар жетіспейді. «Әсіресе саланың технологиялық тұрғыда жылдам дамып жатқанын ескеретін болсақ, осы олқылықтарды дереу шешу қажет. Сонда ғана киноөндірістегі әлемдік трендтерден кеш қалмай, өзімізге ендіретін күн туады», – дейді сарапшылар.
Оқуға ниет танытқандарға грант тағайындалатын болады. Биылға 100 орын бар.
Гүлнәр Әбікеева, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының президенті:
- Сондай-ақ диджитал фильм мен продакшн, яғни цифрлық киноарна өндірісі болады. Осы жылдың өзінде жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Оларды әртүрлі атаумен айтуға болады. «Моушн дизайн», «продакшн дизайн» дейді. Қарапайым тілмен «арнайы эффектілер өндірісі» десек болады. Кейін оны «геймдизайн» деңгейіне дейін дамытатын боламыз. Бұл – Қазақстанда жоқ жаңа мамандық.