Каспийдің ластануын болғызбау, қойнауындағы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен биоалуантүрлілігін сақтау. Сенат Каспийдің ортасын қорғауға қатысты құжатты мақұлдады. Теңізде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы су қоймасының экологиялық мәселесін өзекті етеді. «Осыған қатысты ынтымақтастықтың құқықтық шарттық базасы кеңейтіліп, трансшекаралық тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты бекітілген ережелердің еленуіне аса мән беріледі», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі. Серікқали Брекешевтің айтуынша, хаттамамен реттеуге жататын қызмет түрлері анықталды. Мысалы, мұнай өңдеу зауыттары, қуаты 300 мВт немесе одан жоғары жылу электр станциялары, басқа да жану қондырғылары, атом электр станциялар мен атом реакторлары, автомобиль жолдарын салу мен жаңғырту сынды қызмет түрлері. Оның ережелерін іске асыру үшін биылғы шілде айында күшіне енген еліміздің жаңа экологиялық кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері бекітілген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Еліміз үшін Каспий теңізінің әлеуметтік және экономикалық маңызы зор. Сондықтан оның экологиялық жағдайы қашанда басты назарда. Осы ретте бүгін қабылданған заң теңіз суы мен жағалауының ластануына жол бермеуге, оның биологиялық әралуандылығын сақтауға және табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов