Алматы маңында Орталық Азиядағы ең ірі индустриалды-логистикалық хаб ашылады

Орталық Азиядағы алғаш, әрі ең ірі индустриалды-логистикалық хаб Алматы жанында бой көтереді. Оның қуаты жылына 500 мың контейнер болады, ал жалпы жүк тасымалының көлемі 5 млн тоннаға дейін жетпек. Бұл жоба өңірдегі мемлекеттер және аспан асты елімен жүк тасымалының көлемін ұлғайту қамында жүзеге асырылып жатыр. Оның үстіне, Қытаймен шекараға жақын орналасқандықтан, ұтымды тұстары көп. Бұл туралы үкімет басшысының Алматы облысының көлік-логистикалық және өнеркәсіптік әлеуетімен танысуы кезінде белгілі болды. Олжас Бектенов экспортқа бейімделген және импортты алмастыруға бағытталған бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Олардың ішінде балық шаруашылығы кешені бар. Оның қуатын 10 есе арттыру жоспарланып отыр. Премьер-Министр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсат екенін атап өтті. Еліміз осы санаттағы барлық тауармен өзін-өзі қамтамасыз етуі тиіс. Одан бөлек, Олжас Бектенов индустриалды аймақтардың ішінде  жұмыс істеп жатқан компаниялардың жұмысымен де танысты. Үкімет басшысы «Бент» темір-бетон өнімдерін шығаратын технологиялық кешені, «ТехноНиколь – Орталық Азия» және «Шин-Лайн» балмұздағын өндірудің технологиялық процесін бақылады.

 

Дінмұхамед Күзеев, «БЕНТ» компаниясының президенті:

-Біз тек елімізде ғана емес, Ресейден бөлек ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш болып темір мен бетон аралас әрі рельспен тікелей байланысатын тіректі жасап шығарамыз. Ол толыққанды тек қазақстандық компоненттерден құралған.

 

Андрей Шин, «Шин-Лайн» компаниясының президенті:

– Бүгінде біз өз өнімімізді Орта Азияның барлық елдеріне экспорттаймыз. Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағындағы мемлекеттердің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Алдымызға осындай үлкен мақсат қойдық. Қазір біз әлемдегі бүкіл балмұздақ шығарушылардың ішінде 36 орынға табан тіредік. Бірақ, бұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Жақын арада осы рейтингте үздік ондыққа кіруден үміттіміз. Қазір өндіріс көлемі 20 мың тонна балмұздақ болса, осы көрсеткішті 5 есе ұлғайтпақпыз.

Айта кетейік, осы жылдың алғаш 4 айында Алматы облысындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3% өсті. Ал былтырдың сәйкес кезеңімен ақшалай өсімді салыстырғанда, бұл көрсеткіш 573 млрд теңгеден асып жығылды.