Әлемдік рейтингке енген университеттер жоспарлы тексеруден босатылады

Әлемдік рейтингке енген университеттер жоспарлы тексеруден босатылады

Үздік қазақстандық университеттер жоспарлы тексерістен босатылады. Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп берген ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында осылай деп жазды. Оның айтуынша, ол үшін арнайы бұйрық дайын. Бұл жаңашылдық жұмыс берушілердің бағалауымен 1-3 орындарды иеленген және жоғары әлемдік рейтингке енген университеттерге қатысты болмақ. Осы орайда айта кетерлік жайт, биыл 16 қазақстандық университет QS әлемдік рейтингіне енді. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 2 есеге артып, позициялар айтарлықтай жақсарған. Министрдің сөзінше, ЖОО-ның білім бағдарламасы да жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болу үшін барынша жаңартылған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Жоғары оқу орындарының өз үлгісінде диплом беруі мамандарды даярлау сапасына жауапкершілігін арттыру үшін жасалған үлкен қадам болды. Жалған дипломнан қорғау үшін қол қою талаптары енгізілді. Бұдан былай әрбір жұмыс беруші QR технологиясын қолдана отырып, дипломның түпнұсқасы мен шынайылығын тексере алады.

  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов