КАРЛАГ тарихына саяхат

Карлаг - саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу музейі Қарағанды облысындағы туристерге тартымды нысандардың бірейіне айналды. Мұнда жылына шамамен 3 мыңға жуық шетелдік турист келеді. Көбі талай ұлттың қасіретті тағдырын тоғыстырған аймақта туыстары жайында қандай да бір дерек табыла ма деген үміт жетектеп, жеткендер. Кезінде 2 млн гектар аумаққа созылған  еңбекпен түзету лагерінің қаралы тарихы бүгінде 170 шаршы метрге сыйып кеткен. Мұражай қанат жайған әкімшілік ғимараттың өзі тұтқындардың қолымен тұрғызылған. Сол нәубетті жылдардың белгілері сақталған сұсты ғимаратта XX ғасырдың  бас кезеңіндегі уақытқа сапар шегуге болады.  Мәдени орында 26 тақырыптық зал бар.

Қаракөз Мәжитова, мұражай гиді:

- Әрбір камераға кіргенде сол кездегі атмосфераны сезіне алады.  Мысалы лазарет, тергеуші кабинеті, ер адамдардың және әйелдердің барагы, тіпті жас нәрестелердің жатқан бөлмесіне дейін шынайы көрсетілген. Сол бөлмелерді аралап жүріп келген адамдар көзіне жас алып тарихпен терең таныса алады.

Бұл экскурсия әр адамның санасына оңай соқпайтыны анық. Жәдігерлер мен тұрмыстық жиғаздардың дені түпнұсқа. Тіпті, мына шамдар мен есіктердің өзі сол кездің тілсіз куәгерлері. Адамдардың мүсіндері тар қапасқа қамалып, азап шеккен жандардың бейнесімен сәйкестендіріліп жасалған. Сарғайған хаттар мен азаптау құралдары кешегі қаралы тарихтан сыр шертеді. Адамды қанау мен қинау мекені талай жазықсыздың өмірін қиды. Карлагтың құпиясы әлі толыққанды ашылмаған.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

– Бүгінге дейін белгілі болған мәліметтерге сай, Карлагта бір жарым млн жуық адам азап шеккен. 1 млн астамы қамауда отырды. 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Бірақ бұл сандарды дөп басып айту қиын. Тарихымыздың қаралы кезеңін ғалымдар әлі де зерттеп жатыр.

ҚАРАҒАНДЫ АУМАҒЫНДА ҚИМАҚ ҚАЛАЛАРЫ БОЛДЫ

Қарағанды өңірін зерттеп жүрген отандық ғалымдар өлке тарихының енді бір кезеңін түгендеуге ниетті. Оның тамыры көнеден тартылып әлдеқайда тереңде жатыр дейді, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов. Жақында оның қолына исламдық катограф - Мұхамед Әл-Идрисидің 12-ғасырда жасаған әлем картасы түскен.

Жақсылық Сәбитов, Жошы ұлысын ғылыми зерттеу интитутының директоры:

- Осы картаға сәйкес 16 қимақ қалаларының төртеуі Қарағанды өңірінің аумағында орналасқан. Олар Нага Ханауыз, Дахлан мен Лалан қалалары. Соңғысы бүгінгі Ұлытау өңіріне тиесілі деп болжанып отыр. Себебі, онда таулар белгіленген. Сондай-ақ, Теңіз көліне құятын Нұра және Шерубай-Нұра өзендерін анық көруге болады. Тауда орналасқан Нага мен Дахланның бірі бүгінгі Қызылтас тауында тұр. Ол жерден Нұра өзені өз бастауын алады.

Бірегей көне картада бүгінгі Қазақстан аумағында 40 тарта қала белгіленген. Оның ішінде көне Тараз бен Сайрам бар. Өзгелері әзірге беймәлім. Жазбаша дереккөзді дәйектеу қамында мамандар ел аумағында кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қамдануда.