Қазақстанда жергілікті атқарушы биліктің бюджетті пайдалануға қатысты жауапкершілігі артады. Әкімдер жыл сайын Парламент алдында бөлінген ақшаның қалай жұмсалғаны жайында баяндауға міндеттеледі. ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырды. Құжат депутаттар тарапынан қолдау тапты. Онда бөлінген қаржыға аймақ жетекшісі тікелей өзі жауап беруі керек деп көрсетілген. Сондай-ақ заң жобасына сәйкес, әр аймақ өз ерекшеліктеріне сай бюджеттік жоспарын құруға мүмкіндік алады.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында аудиторлық есеп нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген мақсаттарға пайдаланылмаған нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару көзделеді. Жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу мерзімін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтудағы ықпалын арттыруы тиіс.
Бұған қоса ведомства басшысы елімізде 2024-ші жылдан бастап бірыңғай шоттар жоспары енгізілетінін жеткізді. Бұл ең алдымен бухгалтерлік және бюджеттік есепті ортақ жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде игерілмеген қаржыны қазынаға қайтару үрдісі әлдеқайда жеңілдей түседі.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Заң жобасы бюджет кодексіне мына бағыттар бойынша түзетулерді көздейді: бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті қалыптастыру, құжатта мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылатын болады. Осындай құжатты қалыптастыру бюджеттік тәуекелдерді тиімді басқаруға және оларды бюджеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов