Елордада үздік
жас отбасы байқауы мәресіне жетті. Сайысқа 50-ден аса отбасы қатысып, ақтық сынға
тек 10 ерлі-зайыпты жолдама алға. Байқауға қатысқан әр отбасы сахнада өз
өнерлерін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуден сынға түсті.
Елорданың жас
отбасылары өз өнерлерін көпшілік алдында паш етті. Шаһарда отбасы институтын
нығайту мақсатында жыл сайын осындай шара ұйымдастырылады. Дарын Сәдуақасов
жұбайы Гаухармен бірге бұл байқауға екінші рет қатысып отыр. Былтыр іріктеу
кезеңінен өте алмаған отбасының бағы биыл жанды.
Дарын Сәдуақасов,
байқауға қатысушы:
- Өзім қаржы
саласында жұмыс істеймін. Қаржыгермін. Ал әйелім мектепте мұғалім. Отбасы
құрғанымызға 4 жыл уақыт болды. 2019 жылы шаңырақ құрдық. Қазір Аллаға шүкір 1
ұл, 1 қызымыз бар.
Жанкүйерлер
балаларымен бірге сахнаға шыққан ерлі-зайыптыларға қолдауын аямады. Үш кезеңнен
тұратын сайыста қатысушылар тек ән-жыр айтумен шектелген жоқ. Алдын ала
әзірленген бейнеүзінділер арқылы өздерін таныстырып, отбасы құндылықтарын
дәріптейтін көріністерді ұсынды.
Ажар Саргубенова
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі:
- Спорттық
іс-шаралар болды жас отбасылардың арасында. Зияткерлік ойындар өткіздік.
Семинар-тренингтер өткізілді. Білікті мамандардың қатысуымен.
Бұл байқау
«Отбасы - бақыт мекені» атты жоба аясында өтті. І орынға 500 мың теңге, ІІ
орынға 350 мың теңге, ІІІ орынға 250 мың теңгенің тұрмыстық техника мен
электроника сатып алуға сертификаттар берілді. Бірде-бір финалист марапатсыз
қалмады. Қалған 7 отбасы да 100 000 теңгеден жұбаныш сыйлығын алды.
Айсәуле Сейізбек,
байқауға қатысушы:
- Жарысқа
қатысудағы мақсатымыз қоғамда белсенділік таныту. Екіншіден осы өсіп келе
жатқан қызымыздың алдында оны да дамытуға практика жүзінде үлес қосу.
Қалыбек Құлжар, байқауға
қатысушы:
- Өзіміздің үздік
екенімізді, үлгілі екенімізді, жас та болсақ бас екенімізді көрсетуге келіп
отырмыз. Біз енді Ақтөбе облысының тумасымыз. Осында Астанаға келдік, білім
қуып. Студент кезімізде таныстық.
Байқау мақсаты шаңырағы шайқалған отбасылардың санын азайтып, отбасының маңыздылығын арттыруды көздейді. Отбасындағы сүйіспеншілік пен түсіністікті дәріптеуге арналған шара жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасады.