АХҚО-ның Орталық Азия елдерінің экономикалық ынтымақтастығын дамытудағы рөлі күшейеді

Орталық Азия елдерінің қаржы реттеушілерінің интеграциясы мемлекеттер экономикасының нығаюына тың серпін бермек. Тараптар күш-жігер біріктіру арқылы өңірді шетелдік инвесторларға барынша тартымды ете алады. АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры осындай пікір айтты. Алмас Жоламановтың айтуынша, аймақты бірыңғай қаржы нарығы ретінде дамыту қажет. Ал, «Астана» халықаралық қаржы орталығы бұл орайда тұғырнама негізін атқара алады. Ол үшін алғышарттар бар. Былтыр  тараптар  бірлескен декларация қабылдады. Құжатта қаржы орталығы Орталық Азия  елдері үшін интеграциялық экономикалық алаң ретінде айқындалды.

Алмас Жоламанов, АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

– Дәл осы өңірлік ынтымақтастық арқылы қаржы саласындағы аймақтық жобаларды дамытуға, көптеген кедергілерді бағындыруға, қаржы нарығындағы сұранысты арттыруға, осы төңіректегі қиындықтарды еңсеруге, қаржы өнімдері мен ондағы қызметтердің шектелуі сынды мәселелердің басын қайыруға болады. Сондықтан да Орталық Азиядағы қаржылық реттеушілер арасында біз осы диалогты бастадық. Яғни, бұл орталық банктер, қаржы министрлігі, уәкілетті органдарға тікелей қатысты. Біз былтыр Түркменстанда, биыл Шолпан Атада мемлекет басшылары қабылдаған деклорацияларға өз үлесімізді қоса аламыз.  

Сарапшының  айтуынша, АХҚО алаңында тіркелу Орталық Азия елдеріне әлемдік қаржы нарықтарына қол жеткізуге және сырттан капитал тартуға жол ашады. Саланың әлеуеті артып, серіктестік көкжиегі кеңейе түседі. Яғни, жаңа жоба жасау қамында шетелдік әріптестермен белсенді ынтымақтастық құру күшейеді.

Алмас Жоламанов, АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

– Біз IOSCO халықаралық ұйымының бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының көпжақты меморандумдарының немесе  сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық қауымдастықтарының қол қоюшымыз.  Осы көпжақты келісімдер шеңберінде бүкіл әлем бойынша 124 реттеушімен ынтымақтасуға мүмкіндігіміз бар. Бұл АХҚО келетін компаниялардың жаһандық деңгейде жұмыс істей алатындығын білдіреді.  Яғни, орталықтың бұл бағытта әлем бойынша келісімдері бар. Осының арқасында АХҚО арқылы трансшекаралық негізде қызметтер көрсету мүмкіндігі туады.

Айта кетейік, қазіргі таңда АХҚО әлемнің 65 елінен бір жарым мыңға тарта компания тіркелген.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов