Қазақстанның экономикасы биыл қайта жанданып, келер жылы негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсетеді. Азия даму банкінің сарапшылары жыл соңына дейін еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,2%, ал 2022 жылы 3,5% дейін артуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
«Бұған елдегі бірқатар қызмет көрсету саласының біртіндеп жандануы, инвестицияның және көмірсутек өндірісінің артуы сеп болады», – деп ойлайды мамандар.
Нақты сандарға келетін болсақ, биыл өндіріс көлемі 2%, алдағы жылы 2,8% дейін артық өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Қызмет көрсету секторы да қарқын қоса түседі. Бұл сауда-саттық аясының кеңеюімен тікелей байланысты. Мемлекет тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымдық бағдарламаларды қолдауының арқасында өсім 9,5% дейін жетуі ықтимал. Бұл орайда ауылшаруашылық саласы да тұралап қалмауы тиіс. Ол үшін ауыл еңбеккерлерін қолдау іс-шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Нариман Маннапбековтің сөзінше, экономиканың қалпына келуіне шектеу шараларын жеңілдету үлкен серпін береді. Ол үшін вакциналау науқанының тигізер оң әсері мол болмақ.
Нариман Маннапбеков, Қазақстандағы Азия даму банкінің директоры:
- Қазақстан экономикасын тұрақтандыру үшін және сыртқы сын тегеуріндерге төтеп беріп, бәсекеге қабілетті болуы үшін, сондай-ақ инновациялық жобаларды ынталандыру жағына да үлкен көңіл бөлуі қажет. Азия даму банкі осы орайда ғылыми-зерттеу жұмыстарына, қаржылық жүйені күшейтуге, нарық капиталын кеңейтуге және білім саласына инвестицияны көбірек құюға кеңес береді. Осы жағын ескерген жөн.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов