Халықаралық іскерлік операциялардан ел қазынасына түсетін кірістер артады. Мәжіліс бұған қатысты трансферттік баға белгілеу бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясын қолдануды жетілдіруге бағытталған. Мәселен, салық төлеуші оның бірін таңдап, өзгелерін қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Сондай-ақ неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында нарықтық диапазонды тарылту ұсынылып отыр. Сонымен қатар, капиталды елден шығаруға бақылау шараларын күшейту көзделген. Ол үшін қатысты тараптардың өзара байланысын айқындауды кеңейту қарастырылған. Заң жобасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауын тапқанын айта кеткен жөн. Бұл ретте, халықаралық мәмілелердің сипаты мен еліміздің экономикалық ерекшеліктері барынша ескерілген.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
Тауар биржаларында жасалған мәмілелерге трансферттік баға белгілеу бойынша бақылау жүргізу. Қазіргі уақытта трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жүзеге асырылмайды. Әдетте, ондай мәмілелер нарықтық құннан төмен бағамен жасалатыны белгілі. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, заңнан жоғарыда аталған норманы алып тастау ұсынылды.