Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен жалпыұлттық коалиция мүшелері Абай өңірінің жұртшылығымен кездесті. Жиын аймақ белсенділерінің басын қосты. Диалогтың негізгі тақырыбы - жаңа Конституция жобасы. Ерлан Қарин құжатты дайындау барысындағы негізгі принциптерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол бұл жұмыстың ашық жүргізілгенін және қоғамның кеңінен атсалысқанын, ал азаматтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы қабылданғанын айтты. Сондай-ақ ол жаңа Ата заң тек құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге қоғамның құндылықтарын айқындайтын және мемлекеттік саясаттың «адамға бағдарлану» принципін бекітетін заманауи қоғамдық келісім екенін атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР мемлекеттік кеңесшісі:
- Жаңа Конституцияда кез-келген санаттағы, кез-келген әлеуметтік және кәсіби топта, кез-келген жастағы адам өз мүдделері қамтылғанын көре алады. Бұл не деген сөз? Бұл әрбір азамат өз құқықтарын қорғауда сенімді конституциялық кепілдіктерге ие болды деп айтуға болады. Жаңа конституцияға сәйкес барлық азаматтар жасына, әлеуметтік және өзге де жағдайына қарамастан еңбек ету және демалу құқығына, білім алуға және денсаулығын сақтауға, сөз бостандығы мен бейбіт жиындар өткізуге, жеке деректерін қорғауға қолайлы қоршаған ортаға ие бола алады.
Сапар аясында Мемлекеттік кеңесші Абай облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Мұнда мәдениетті дамыту, тарихи жадыны сақтау және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері назарға алынды. Қатысушылар мемлекет қызметінің қағидаттары тізбесіне тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау туралы тармақтың енгізілуіне қолдау білдірді. Бұдан бөлек, Жалпыұлттық коалиция мүшелері белсенді жастармен, қоғамдық бірлестіктермен және өңірдегі түрлі сала өкілдерімен жеке кездесулер өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен оның ел дамуындағы маңызын талқылады.

