Лирикалық жырлар мен ән өлеңдерін қатар өре білген қос қанатты ақын, ғалым. Белгілі қоғам қайраткері Шөмішбай Сариев көзі тірі болса бүгін 75 жасқа келер еді.
Оның алғашқы тырнақалды жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атаумен жарық көрді. Содан бергі аралықта көпшілікке қазақ, орыс тілдерінде 20-ға тарта кітабы жол тартты. «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері», «XX ғасырдың 20-шы жылдардағы поэзиясы» сынды ғылыми еңбектері де бір төбе.
Ақынның «Атамекен», «Бозжорға», «Домбыра» сынды 500-ге тарта әнге арқау болған шығармасы да халық аузында. Көзі тірісінде қаламгерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Әдебиетке қосқан үлесі халықаралық және мемлекеттік сыйлықтармен бағаланды.
Қуаныш Жиенбай, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері:
- Шөкең өте ақжарқын болатын. Біреудің көңілін қалдыру, біреуге қатты сөз айту немесе сыртынан ғайбаттау деген қылық Шөкеңде жоқ болатын. Шөмішбай Сариев көзінің тірісінде Әбу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев сияқты арқалы ақындардан өзінің бағасын алып үлгерді. Шөкеңнің осы қасиетімен-ақ қазақ әдебиетінде, қазақ мәдениетінде үлкен орны бар тұлғалы азамат екендігін бәріміз бағалауымыз керек. Шөкеңнің арамызда болмағандығы, әрине, өкінішті. Бірақ ол біздің есімізде мәңгілік сақталады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов